Тамыздағы ҰБТ-да шекті балды талапкерлердің 58 пайызы жинады
25 мың адам тамыз айындағы ҰБТ-ны тапсырды. Шекті балды 58% талапкер жинады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше бес пән бойынша орташа балл – 56 балл. Ең жоғары балл – 134.
«Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында тамыз ҰБТ-сына 112 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн», - деп жазылған хабарламада.
ҰБТ өткізу барысында 103 ереже бұзушылық анықталды.
«Оның ішінде 37 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды», - дейді ведомство мамандары.
Тестілеу кезінде ережені бұзғаны үшін аудиториядан 66 адам шығарылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.
Айта кетері, 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылады.
ЖОО-да ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Бұл ретте оқуға ЖОО-ның қабылдау комиссиялары қабылдайды.