$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.06.2020, 15:29
Жаңалықтар

СҚО-да жолды талапқа сай жөндемеген мекемелер жауапқа тартылмай отыр

Талапқа сай жұмыс істемейтін мердігерлер тізілімі де жыл басынан бері толықпаған

СҚО-да жолды талапқа сай жөндемеген мекемелер жауапқа тартылмай отыр
Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысында жолдарды жөндеу барысында ондаған олқылықтар анықталған. Алайда бір ғана мекеме жауапқа тартылған. Бұл жөнінде «Сапалы жол» жобасының жүзеге асырылуы жөнінде өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Антон Федяевтің төрағалығымен өткен онлайн жиында жөндеу және сараптама жұмыстарын жүзеге асыратын ұйымдардың басшыларына жүктелетін жауапкершілік туралы айтылды. Отырыста басты назар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және автомобиль жолдары саласындағы мердігерлер тарапынан салғырттыққа жол бермеу мәселелеріне арналды.

«Бүгінгі таңда облыс инфрақұрылымында жалпы пайдаланудағы 9 мың шақырым автожол бар, оның 2 мыңы – республикалық маңызы бар, 7 мың шақырымы – жергілікті автожолдар. 2020 жылы облыстың автомобиль жолдарына 39,1 млрд теңге сомасында қаражат жоспарланды. 1000 шақырымнан астам автожолдар мен елдімекендердің көшелерін түрлі жөндеу жоспарлануда. Облыстың барлық аудандары ауқымды жөндеу жұмыстарымен қамтылған», - деді Антон Федяев.

Жиында  жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасына, сондай-ақ кепілдік мерзімдегі объектілердің жай-күйіне қатысты шағымдар айтылды.

«Мониторинг тобының өкілдері Жол активтерінің сапа орталығымен бірлесе отырып, 2020 жылы жол-құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерге үш рет сапар жасады. Нәтижесінде, ондаған талап бұзушылықтар анықталды. Олардың ішінде асфальттың ені мен қалыңдығы белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі, оның тығыздалуы және негізінің отыруы, жабындыда сызаттардың пайда болуы және су қанығудың төмен көрсеткіші байқалады», - деді СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Ернар Баянғазин.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы соңғы уақытта техникалық қадағалаудың өкілін әкімшілік жауапкершілікке тартудың бір ғана фактісі бар екенін алға тартты, оның өзі лицензиясынан айырусыз жүргізілмек. Талапқа сай жұмыс істемейтін мердігерлер тізілімі де жыл басынан бері толықпаған. Аққайың ауданының Заградовка ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеу бойынша «Крэдо СК» ЖШС-іне қатысты 250 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Қалғандары ешқандай жауапқа тартылмаған.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары