Руслан Берденов Шымкентте бас сәулетшінің ұсталуына қатысты пікір білдірді

Автор: Алмас Ерсін

Шенеунік БАҚ өкілдерін деректерді мұқият тексеріп, халықты адастырмауға шақырды  

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов әлеуметтік желідегі парақшасында қаланың бас сәулетші ұсталды деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол ақпараттық кеңістікте өзі жайлы тағы бір жалған мәлімет тарағанын атап өтті.

«Бүгін ұсталған Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы Арман Әбдешовке қатысты кейбір дереккөздер таратқан ақпаратты жоққа шығарамын. Оның «менің адамым» екендігі жөніндегі кез келген мәлімдеменің ешқандай негізі жоқ. Менің оған еш қатысым жоқ. Ол бұл лауазымға мен әкімдікке барғанға дейін тағайындалған», - дейді Берденов.

Шенеунік БАҚ өкілдері мен канал авторларын ақпаратты жариялар алдында деректерді мұқият тексеріп, халықты адастырмауға шақырды.

Басқарма басшысы ұсталғаны рас па?

Бүгін Telegram каналдарда 13 тамызда Шымкент қаласы әкімдігінің ғимаратында ҰҚК қызметкерлері қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешовті ұстағаны туралы ақпарат жарияланды.

Олардың мәліметінше, шенеунік Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» бойынша күдікке ілінген.

Әбдешов дәл сол күні кабинетінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғаны хабарланды. Әкімдік пен құқық қорғау органдары бұл ақпаратқа әзірге түсініктеме берген жоқ.