Астанада жексенбі күндері марафон өткізу үшін негізгі көшелерді жабу тоқтатылады

Автор: Асыл Арман

Қала әкімі түсініктеме берді

Фото: ЖИ/ChatGPT арқылы жасалды

Астана әкімдігі жексенбі күндері марафон өткізу үшін басты көшелерді жабу тәжірибесінен бас тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғындармен кездесу барысында айтты. Оның сөзінше, марафондар кезінде, әсіресе Түркістан, Ақмешіт және Қонаев көшелерінде жолдың жабылуына қатысты қала тұрғындары бірнеше рет шағымданған.

«Біз жолды жапқанды құптамаймыз. Бұдан былай жылына бірнеше рет қана осындай жүгіру шаралары өтеді. Әр жексенбі сайын Түркістан, Ақмешіт, Қонаев көшелерін жабу дұрыс емес. Жексенбі болғанына қарамастан, көптеген тұрғындар наразылық білдіреді. Сондықтан қазір біз бұл тәжірибеден бас тартып, мүмкіндігінше марафондарды айналма жолдарға, велосипед жолдарына және басқа тротуарларға көшіреміз», — деді Жеңіс Қасымбек.

Әкімнің айтуынша, қала билігінде бұқаралық спорттық шараларды балама бағыттарға көшіру жоспары бар. Бұл көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туғызбау үшін жасалады.