Полиция облыс тұрғындарына үндеу жасады
Жетісу облысында жол-көлік оқиғаларының саны алаңдатарлық деңгейде өсіп отыр. Полиция дерегінше, жыл басынан бері 139 қылмыстық іс тіркелген, олардың 61-і адам өлімімен аяқталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, апаттардың басты себебі – жол қозғалысы ережелерін сақтамау. Әсіресе жылдамдықты арттыру, арақашықтықты сақтамау, шаршаған немесе мас күйде көлік жүргізу, сондай-ақ жүргізушілердің жолда келе жатып басқа нәрсеге алаңдауы қайғылы жағдайларға әкеліп отыр.
Полиция жүргізушілерге жылдамдық режимін қатаң сақтау, қауіпсіз арақашықтық ұстану және жолда мұқият болу қажеттігін ескертеді. Ал жаяу жүргіншілерге, әсіресе балаларға, тек арнайы белгіленген жерлерден және қауіпсіз екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана жолдан өту ұсынылады.
«Өміріңізді және айналаңыздағы адамдардың өмірін сақтаңыздар. Жол ережесін сақтау — бұл формальдылық емес, өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігінің кепілі, — деді облыстық полиция департаменті өкілдері.