Астанада бетон қалдықтарын рұқсат етілмеген жерге төккен жүргізуші ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Көлік коммуналдық тұраққа қойылып, жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды

Фото: Видеодан скрин

Астанада полиция қызметкерлері әкімдік өкілдерімен бірлесіп, құрылыс нысандарында қалдықтарды кәдеге жарату ережелерінің сақталуын тексерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құрылыс нысандарына рейд

Екі күн ішінде 40-тан астам құрылыс алаңы тексерілді. Барлық нысанда профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, экологиялық нормаларды сақтамаған жағдайда туындайтын жауапкершілік түсіндірілді.

Тексеру барысында анықталған заңбұзушылықтар бойынша ескертулер беріліп, әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Бетон қалдықтарын заңсыз төккен жүргізуші ұсталды

Рейд кезінде бір нысанда автобетон араластырғыш жүргізушісінің бетон қалдықтарын рұқсат етілмеген жерге төккені анықталды.

Көлік коммуналдық тұраққа қойылып, жүргізушіге қалдықтарды басқару жөніндегі экологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Материалдар Экология департаментіне жолданды.

«Таза Қазақстан» акциясының нәтижесі

Акция басталғалы елордада 57 мыңнан астам құқық бұзушы, соның ішінде 650-ден астам жүк және ассенизатор көлігінің жүргізушілері жауапкершілікке тартылды.

Полиция ескертуі

Елорда полициясы барлық құқық бұзушылықтың дер кезінде анықталып, қатаң түрде тоқтатылатынын мәлімдеді.

Азаматтар мен бизнес өкілдері белгіленген ережелерді қатаң сақтап, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырылды.