Алматыда жүргізуші Toyota Camry көлігін Есентай өзеніне айдап кірді (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Полиция жүргізушіні анықтауға кірісті

Фото: Видеодан скрин

Алматыда мемлекеттік нөмірін шешіп тастаған жүргізуші көлігімен бірге Есентай өзенінің сағасына кіріп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желідегі мәліметке сүйенсек, оқиға Әл-Фараби көшесінің жоғары жағында 13 тамыз күні сағат шамамен 23:40-та болды. Видеоға назар аударсақ, Toyota Camry көлігінің өзен суын кешіп өткенін байқауға болады.

Агенттік тілшісіне оқиғаға байланысты қалалық Полиция департаментіне сұрау жолдады.

«Әлеуметтік желілерде «Тойота» автокөлігінің жүргізушісі Есентай өзенінің арнасына кіріп кеткен сәті түсірілген видео тарады.

Мұндай әрекеттің өзі заңбұзушылық болып саналады, ал бұл жағдайда, көлікке заңсыз жыпылықтағыш маячоктар орнатылғаны және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінің жоқтығы анықталды», – дейді Полиция департаменті.

Аталған дерек бойынша жергілікті полиция қызметінің мамандары тексеру жүргізіп жатыр. Жүргізуші бірнеше өрескел құқықбұзушылық үшін жауапкершілікке тартылады.

«Біз жазаның бұлтартпастығы қағидасын қатаң ұстанамыз. Қауіпсіздікке қатер төндіретін құқықбұзушылықтарға жол берілмейді және олар дереу тоқтатылады. Жүргізуші барлық анықталған эпизод бойынша жауап береді. Алматы қаласының полициясы мұндай деректерге жүйелі түрде әрекет етеді және тұрғындарды заң мен жол жүру ережелеріне құрметпен қарауға шақырады», – деді Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.