Ол Мәскеуге барып, ерікті түрде әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасқан
Атырау сотында шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысқаны үшін айыпталған Қазақстан азаматына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық сотқа сілтеме жасап.
Атырау тұрғыны 2024 жылдың наурыз айының соңында Мәскеуге барып, Ресей Федерациясының уәкілетті органдарымен ерікті түрде әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасқан.
«Қысқа мерзімді оқудан кейін, танк полкінің құрамында әскери дәрігер ретінде Донецк облысында қарулы қақтығысқа заңсыз қатысқан», - деп жазылған хабарламада.
2024 жылдың желтоқсанында ол жарылғыш құрылғыдан сынық жарақатын алып, әскери госпитальге жатқызылған.
Прокурор 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады.
«Сотталушы кінәсін толықтай мойындап, шын ниетпен өкініп, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза кесуді өтінді», - дейді сот.
Сот жаза кесу кезінде асырауында жас балаларының болуын және шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Ауырлататын мән-жай анықталмады.
Сот сотталушыны 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.