Ақбөкеннің төрт аяғын түгелдей бүтін алса, 30 теңгеге шығады
Ақтөбеде киік етін сатып алушылар көбейген. Құны арзан болған соң, қызылсыраған тұрғындардың қызығуы да жоғары, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.
Жаз басында түз жануарын аулауға экология министрлігі рұқсат берген. Екі жыл бұрын киікті аулап алып, кейін еті жарамай далада қалғаны бізге үлкен сабақ болды дейді шенеуніктер.
Ақтөбедегі базарда айналдырған екі күн ішінде киік етінің төрт тоннасы өтіп кетіпті. Сұрап келушілер жетерлік. Көбісі бағасына қызығады. Сиыр мен жылқы етінен екі есе арзан. Ақбөкеннің төрт аяғын түгелдей бүтін алса, 30 теңгеге шығады. Ал келесін 1800 теңгеден сатып тұр.
«Қалтаны көтеретін, күнделікті қуырмашқа, қуырдақ қуыруға пайдалы. Сол үшін келіп тұрмын», - дейді Шәрбат Сәрсенбаева есімді тұрғын.
Бұрын-соңды киік еті Ақтөбеде бұлай ашық сатылмаған. Тек 80-жылдардың соңында ғана дүкенге шығарылған. Сондықтан бағасына жұрт қызыққанымен, оны кәдеге жарату жағын көбісі біле бермейді. Сорпаға татымайды.
«Кеңес Одағы кезінде алдық. Ол кезде келісі бір сом тұратын. Қазір де сиыр етінен арзан сатылып жатыр. Шебер әйел болса, киік етінен қуырдақтан бастап, сорпаның түр-түрін, басқа мал етімен араластырып турап, котлет, тағы басқа тағам әзірлеуге болады. Бұрын қиналған кезде алдық қой», - дейді Светлана Иванова.
Мамандар киік еті денсаулыққа пайдалы деп отыр. Диета ұстап, өзін баптап қалған адамдар алса болады деп кеңес береді. Себебі еті майлы емес, құнары жоғары. Ал кәуапқа жарай бермейді. Осыдан екі жыл бұрын Оралдан ауланған ақбөкен етін Ақтөбеге әкелгенде тұрғындар қызыққан. Бірақ құжаты болмай, соңы шуға айналып еті кәдеге жарамай қалып еді. Биыл ет өткізу жағын жолға қойыпты.
«Бүкіл құжаты Оралда жасалып, бізге келеді. Содан кейін Ақтөбе мамандары қайтадан тексереді. Сол рұқсат қағазымен базарға кіреді. Халық жақсы алып жатыр, ұнатып жатыр», - дейді базар әкімшісі Гүлнәр Тілеу.
Ақтөбеге көршілес Батыс Қазақстан мен Қостанай облысында ақбөкен аулауға рұқсат берілген. Етін арнайы цехтарға өткізіп, сол арқылы ғана сатылымға шығады.