Олар «брокерлерге» сеніп қалды
Ақмола облысында екі тұрғын өзін қаржы-брокерлік компания өкілі ретінде таныстырған алаяқтарға сеніп, ірі көлемде ақшасынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
11 тамыз күні Сандықтау аудандық полиция бөліміне жәбірленушілер «Industrial-Trading» компаниясы атынан хабарласқан алаяқтардың құрбаны болғанын айтты.
Белгісіз нөмірден қоңырау шалғандар өзін «брокер» деп таныстырып, инвестициядан тез пайда табуды ұсынған. Сендіру үшін олар жинақталған үлкен сомасы бар жалған «жеке кабинетті» көрсеткен.
Тез пайдаға қызыққан әйелдер банктерден жалпы сомасы 10 миллион теңгеден астам бірнеше ақшалай және тауарлық несие рәсімдеп, қаражатты алаяқтар көрсеткен шоттарға аударған. Ақша түскен соң қылмыскерлер байланысқа шықпай қойған.
Алаяқтарға сенген жәбірленушілердің бірі өзінің танысына да «оларға сенуге болады» деп айтып, оны да алдап соқтырған.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің алаяқтық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілерді анықтау және ұстау шаралары жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті азаматтарға белгісіз адамдардың қоңырауларына немесе хабарламаларына сенбеуге кеңес береді.
Полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін дәрістер өткізіп, брошюралар таратып келеді. Дегенмен, мұндай схемалар белгілі болса да, кей азаматтар әлі де қылмыскерлердің қақпанына түсіп жатыр.