Олардың бірі халықаралық интернет-алаяқтық желісіне қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген күдікке ілінді
Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Булаев қаласында полицейлер ҚР Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мен прокуратураның үйлестіруімен 19 бен 24 жас аралығындағы бес адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Аққайың ауданының 21 жастағы тұрғыны халықаралық интернет-алаяқтық желісіне қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген күдікке ілінді. Ол төрт адамның әрекетін үйлестірген.
Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған қаржыны аудару және қолма-қол алу үшін банк шоттары мен төлем карталарын пайдаланатын адамдарды ұйымдастырған.
Қазіргі уақытта ұсталғандардың еліміздің әр өңірінде, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында жасалған 8 интернет-алаяқтық дерегіне қатысы бар екені анықталған. Жалпы келтірілген материалдық шығын 38,5 миллион теңге құрайды.
Күдіктілердің басқа ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асырудағы басым бағыттардың бірі – интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – дейді СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлнұр Ахмедьяров.