Каспий теңізі 18 шақырымға шегінді (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Акваторияның жалпы ауданы 70 мың шаршы метрге азайды

Фото: istockphoto.com

Каспий теңізінің Қазақстандағы акваториясындағы деңгейі 2006 жылдан бастап жыл сайын шамамен 70 сантиметрге төмендеп келеді, бұл теңіздің 18 километрге шегінуіне әкелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі 24KZ-ке сілтеме жасап.

Ақтауда Каспий теңізіндегі экологиялық жағдайға арналған форум өтті. Ғалымдардың дерегінше, 2006 жылдан бері теңіздің Қазақстандағы бөлігі 18 километрге шегініп, деңгейі жылына шамамен 70 сантиметрге төмендеп келеді. Акваторияның жалпы ауданы 70 мың шаршы метрге азайды.

Экологтар судың тартылуының себебі ретінде теңізге құятын 130 өзеннің су көлемінің азаюын және Волга бойында 12 су электр станциясының салынуын атап отыр. Форум қатысушылары экологиялық апатты болдырмау үшін Каспий теңізіне іргелес мемлекеттерді бірігіп әрекет етуге шақырды.

«Каспий Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін. Су көлемінің табиғи жолмен көбейетініне иллюзия жасамау керек. Сондықтан теңізді құтқарудың басқа жолдарын іздеу қажет. Бір нұсқа – Ресейдегі Обь өзенінің арнасын Торғай ойысына бұру. Екінші нұсқа – еуразиялық канал салу», – деді «AMANAT» партиясы жанындағы экологиялық кеңестің төрағасы Орынбасар Тоғжанов.