Форумға еліміздің барлық өңірінен 120-дан астам белсенді жас жиналды
Павлодар облысында Халықаралық жастар күні және Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Жастар болашағы – жарқын Қазақстан» атты республикалық жастар форумы жұмысын бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Форумға еліміздің барлық өңірінен 120-дан астам белсенді жас – инженерлер, өнеркәсіп кәсіпорындарының мамандары, IT-әзірлеушілер, дәрігерлер, кәсіпкерлер және қоғамдық ұйымдардың өкілдері жиналды. Барлық қатысушы 35 жасқа дейінгі, мақсаты айқын, жаңа сынақтарға дайын және кәсіби өсуге бағытталған жандар.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев делегаттарға құттықтау сөз сөйлеп, жастар қоғамның қозғаушы күші және елді жаңғыртудың басты қозғалтқышы екенін атап өтті. Форумға қатысушыларға Мемлекет басшысының бейне құттықтауы LED-экран арқылы көрсетілді.
Форум жұмысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев қатысты.
«Бүгін мұнда мықты, бәсекеге қабілетті және технологиялық жағынан дамыған Қазақстанды қалыптастыратын жастар жиналып отыр. Біздің елімізде халықтың үштен бірі жастар, азаматтардың орташа жасы 32 жасты құрайды және бұл үлес өсуде. Сондықтан Жұмысшы мамандықтары жылын жариялау олардың беделін арттыру және техникалық мамандықтарды жастар арасында танымал ету үшін маңызды қадам болды», — деп атап өтті вице-премьер.
Ол Үкіметтің жас қазақстандықтарды қолдау бойынша кешенді шаралар іске асырып жатқанын хабарлады:
«Біз қоғамның жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасын өзгертуіміз керек – бұл тұрақтылыққа, лайықты жұмысқа және кәсіби өсуге апаратын жол», — деп түйіндеді Премьер-министрдің орынбасары.
Іс-шара барысында бір салада көп жылдар еңбек етіп келе жатқан Павлодар облысының еңбеккерлер әулеті Әміреновтер марапатталды. Олар көмір өндіретін кәсіпорында 180 жылдан астам уақыт жұмыс істеуде.
«Мен еңбекке деген құрмет ұрпақтан-ұрпаққа берілген отбасында ер жеттім. Менің атам, әкем, ағаларым өмір бойы аймақтың игілігі жолында аянбай еңбек етті. Мен солардың жолын жалғастырып жатқанымды мақтан тұтамын. Мен үшін жұмысшы мамандық – тұрақтылық, лайықты өмір және қажырлы еңбектің нәтижесін көру мүмкіндігі. Мен осы форумда біздің, яғни жас мамандардың елімізге қажет екенімізді және оның дамуына өз үлесімізді қоса алатынымызға көз жеткіздім», — деп бөлісті әулеттің жас өкілі Ерқанат Әміренов.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірдегі мыңнан астам өнеркәсіптік кәсіпорында 80 мыңнан астам адам еңбек ететін және оның 75%-ы жұмысшы мамандықтары екенін атап өтті.
«Техникалық мамандықтардың жас мамандары үшін біз нақты жағдайлар жасаудамыз – кепілді жұмысқа орналасу, лайықты жалақы, әлеуметтік пакет. Бүгінгі форум – бұл күш-жігерді біріктірудің, жаңа идеялармен алмасудың және елдің дамуына ықпал ететін нақты ұсыныстар енгізудің бірегей мүмкіндігі», — деп атап өтті өңір басшысы.
Форум пікір алмасу, оқыту және тәжірибемен бөлісу форматында өтті. Қатысушылар пленарлық отырыстар мен тақырыптық сессияларға қатысты, өнеркәсіп, бизнес және креативті индустрия өкілдерінен тәжірибелік кеңестер алды, тренингтер, диалог алаңдары мен шеберлік сыныптарынан өтті, сондай-ақ өңірдің жетекші кәсіпорындарында болды.
Республикалық жастар форумы тек мереке ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қолдауды, кәсіби жандардың тәжірибесі мен жаңа буын ұрпақтың басын біріктірген ауқымды пікірталас алаңына айналды. Мұндай іс-шаралар елдің кадрлық әлеуетін қалыптастыруға ықпал етеді, жұмысшы мамандықтардың беделін арттырады және жастардың елімізді дамытуға белсенді қатысуына жағдай жасайды.