Астанада екі ұры дүкендегі сейфті көтеріп алып кетті

Автор: Алмас Ерсін

Ақшаны тең бөліп алғанымен, жұмсап үлгермеген

Фото: istockphoto.com

Астана полицейлері сейф ұрлады деген күдікпен екі ер адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елорда полиция департаментінің мәліметінше құқық қорғау органдарына жиһаз дүкенінің ғимаратынан ақша салынған сейфтің жоғалып кеткені туралы арыз түскен.  

«Сарыарқа ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдіктілердің ізіне түсті. Нәтижесінде жедел уәкілдер 20 жастағы жігіт пен оның 38 жастағы сыбайласын ұстады. Олар кінәсін толық мойындады», - деп жазылған хабарламада.

Ұрылар түнде ғимаратқа кіріп, ішінде шамамен 2 миллион теңге қолма-қол ақша болған темір сейфті жасырын алып кеткен. Сейфті жақын маңдағы далаға апарып, асықпай бұзған. Ақшаны тең бөліп алғанымен, жұмсап үлгермеген.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Астана қаласы полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға, нысандарды қорғау шараларын қабылдауға, тауарлар мен материалдық құндылықтардың ұрлануына жол бермеуге, сондай-ақ оларды бейнебақылау камераларымен және өзге де қауіпсіздік құралдарымен жабдықтауға шақырды.