Жол-көлік оқиғасы Тұран даңғылында болды
Астанада автобус пен жеңіл көлік соқтығысты. Жол-көлік оқиғасынан қоғамдық көліктің үш жолаушысы зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елордада тағы бір автобус жол апатына ұшырады. Бұл жолы жеңіл көлікпен соқтығысу Тұран даңғылында – «Хан Шатыр» сауда орталығының қарсы бетінде болды. Оқиға орнындағы бейнежазбалар әлеуметтік желіде жарияланды.
Полицияның хабарлауынша, Тұран даңғылы бойымен келе жатқан Changan автокөлігінің жүргізушісі жолақ ауыстыру кезінде арнайы қоғамдық көліктерге арналған жолақпен келе жатқан маршруттық автобуспен соқтығысқан.
Апат салдарынан автобустың үш жолаушысы зардап шекті. Жарақат алғандар ауруханаға жеткізілді.
«Тексеру жүргізілуде. Полиция жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін қатаң сақтауға және аса мұқият болуға шақырады», – деп атап өтті елорда ПД өкілдері агенттік тілшісіне берген пікірінде.