Еңбек құқықтары қалпына келтірілді
Атырау қаласында биыл 80-нен астам педагогтың конституциялық құқығы қорғалып, оларға 11 млн теңгеден астам өтемақы төленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокурорлық тексеру нәтижесінде білім беру ұйымдарының ұжымдық шарттарында зейнет жасына жеткен қызметкерлерге алдын ала хабарлау арқылы бір лауазымдық жалақы көлемінде өтемақы төлеу талап етілгені анықталды. Алайда бірқатар мектеп пен балабақшада бұл норма сақталмаған.
Прокуратураның қадағалау актісінің нәтижесінде педагогтарға 11 миллион теңгеден астам өтемақы төленіп, олардың құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді.
Бұл заңбұзушылыққа жол берген 33 лауазымды тұлға қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қала прокуратурасы әлеуметтік салада заңдылықты қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы шараларды жалғастыратынын мәлімдеді.