Тілсіз жау асханадан басталып, екі 20 тонналық контейнерге таралған
Алматыда «Үшқоныр» базарында асхана мен екі контейнер өртенді. Оқиға 11 тамыз күні таңертең болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қаласы ТЖД мәліметінше, өрт туралы хабарлама «112» пультіне сағат 7:34-те түскен. Оқиға орнына күшейтілген шақыру бойынша өрт сөндіру күштері жұмылдырылды.
Тілсіз жау асханадан басталып, екі 20 тонналық контейнерге таралған. Жалпы өрт аумағы 70 шаршы метрді құрады. Толық сөндіру жұмысы 8:03-те аяқталды.
ТЖД мәліметінше, дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында өрттің ары қарай таралуы тоқтатылып, кәсіпкерлердің мүлкі сақталды. Екі көлемі 25 литрлік газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылып, суыту жұмысы жүргізілді.
Өрт ошағын анықтау және жоғары температуралы аймақтарды белгілеу үшін дрондар пайдаланылды. Операцияға 51 қызметкер және 13 техника жұмылдырылды.
Өрттен зардап шеккендер болмады. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда.