Жыл басынан бері өңірде интернет алаяқтық бойынша 626 факті тіркелді
Хромтауда 71 жастағы зейнеткер алаяқтарға алданып, 22 миллион теңгесінен айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Hromtau Live-қа сілтеме жасап.
Алдымен ол өзі жұмыс істеген кәсіпорын басшысынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тексеріспен келгені туралы хабарлама алған. Көп ұзамай әйелге «ведомство қызметкерлері» телефон соғып, оның банк шоттарын қылмыскерлер пайдаланып жатқанын айтады.
Қоңырау соққандарға сенген зейнеткер пәтерін сатып, бірнеше кредит алып, депозиттен миллион теңге шешкен. Ол ақшаның барлығын қылмыскерлерге аударған.
Полицейлердің мәліметінше, облыста жыл басынан бері интернет алаяқтық бойынша 626 оқиға тіркелсе, оның 79-ы ғана ашылған. Жалпы шығын 1,4 млрд теңгені құрады.
«Егер біреу қоңырау шалса, ешқашан кодты, жеке деректеріңізді бермеңіз, сілтемелерге өтпеңіз. Егер ол полициядан, банктен немесе Ұлттық қауіпсіздік комитетінен қоңырау шалып тұрғанын айтса, интернет алаяқтардың құрбан болсаңыз, дереу жақын жердегі полиция бөліміне барып, арыз жазуыңыз керек немесе 102 нөміріне қоңырау шалу керек», - деді ПД Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі Жәнібек Шағыров.