Скляр Астананың жылу беру маусымына дайындығын тексерді

Автор: Алмас Ерсін

1-ЖЭО-ны күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге 1,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді

Фото: istockphoto.com

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жаңа жылу беру маусымы қарсаңында елордадағы негізгі жылумен қамту нысандарын аралап, жұмыс барысын тексерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жылу электр орталықтары жөндеуден өтті

2-ЖЭО – қаладағы ең үлкен жылу және электр энергиясы көзі 8 энергетикалық қазандық пен 6 ыстық су қазандығынан және 6 турбоагрегаттан тұрады.

«2025 жылы станса жабдықтарын күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге 7,3 млрд теңгеден астам қаржы, сондай-ақ инвестициялық бағдарлама бойынша 9,6 млрд теңге бөлінді. 2-ЖЭО-ның жалпы қолжетімді жылу қуаты 1917 Гкал/сағ, электрлік қуаты – 555 МВт», - деп жазылған хабарламада.

Ал 1-ЖЭО-ның қолданыстағы жылу қуаты 794 Гкал/сағатты құрайды, оған 2025 жылы күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізуге 1,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

 «Тұран» ГЖС жылу тарату желілерін салынып жатыр. Жылу магистралінің жалпы ұзындығы 15,2 шақырым, 2025 жылы инвестиция көлемі 18,8 млрд тенгені құрады. Қуаты 80 МВА «Арай» қосалқы стансасының құрылысы басталған, жоба 2025 жылы аяқталады.

«Қуаты 620 Гкал/сағ «Тельман» газ жылу станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр, жобаны 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған. Құны – 76,8 млрд теңге», - дейді мамандар.

Тексеру қорытындысы бойынша Роман Скляр барлық жөндеу-құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтаудың, сондай-ақ елорда тұрғындарын жылумен сенімді және үздіксіз қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Негізгі энергия көздері

Айта кетері, елорданы бес негізгі энергия көзі орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етеді:

  • 1-ЖЭО,
  • 2-ЖЭО,
  • 3-ЖЭО,
  • «Тұран» ГЖС,
  •  «Оңтүстік-Шығыс» ГЖС.

Жалпы қолжетімді жылу қуаты — 4104 Гкал/сағ. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы — 1047 шақырым, 14 сорғы стансасы және 2 жылу тарату пункті жұмыс істейді.

2025–2026 жылдарға арналған негізгі міндеттер – 2-ЖЭО кеңейту, «Тельман» ГЖС құрылысын аяқтау және «Оңтүстік-Батыс» 1 ГЖС жаңа нысандарын іске қосу. Негізгі жабдықтың тозуы 40%-ға жетіп отыр.