Павлодарда зейнеткер әйелге қателікпен көршісіне өткен жер телімі қайтарылды
Павлодарда зейнеткер әйел өзіне тиесілі жер учаскесін қайтарып алды. Бұған дейін учаске мемлекеттік органдардың қателігі салдарынан көршісінің меншігіне өткен болатын. Павлодар облыстық сотының мәліметінше, азаматтық іс апелляция тәртібімен қаралып, зейнеткердің пайдасына шешілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
1980 жылдың тамызынан бастап талапкер мен оның отбасы Павлодар қаласындағы Иса Байзақов көшесінде орналасқан үй мен оған тиесілі 600 шаршы метр жер телімін иеленіп келген.
2006 жылы Павлодар қаласы әкімдігінің қаулысымен оған 0,0369 га жер жеке тұрғын үй салуға және оны күтіп-ұстауға бөлініп, акт берілген. Жер учаскесіне арнайы кадастрлық нөмір де тағайындалған болатын.
1990 жылы сәуірде көрші тұрғын үйді сыйға алу арқылы меншігіне алған. Кейін ол «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына жүгініп, жерге орналастыру жобасын жасатқан. Аталған жобада жалпы аумағы 0,0864 гектар жер көрсетілген, оған зейнеткер әйелдің жері де кіріп кеткен.
Осыдан кейін, Павлодар қалалық жер қатынастары бөлімі 0,072 гектар жер теліміне жаңа кадастрлық нөмір беріп, оны көршісінің атына тіркеген. Соның салдарынан зейнеткердің бұрынғы жер телімі жүйеден алынып тасталған.
Азаматша бұл шешіммен келіспей, жер қатынастары бөлімінің қаулысын заңсыз деп тану және тіркеу әрекетін жою туралы сотқа жүгінді. Сот бірінші сатыда оның талабын толық қанағаттандырды.
Кейін жауапкер тарап апелляциялық шағым түсіргенімен, Павлодар облыстық сотының сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Судьялар жауапты органдардың әрекеттері зейнеткердің меншік құқығынан заңсыз айыруға әкеп соққанын атап өтті.
Павлодар облыстық соты «Азаматтарға арналған үкімет» және Жер қатынастары бөліміне мұндай олқылықтарға жол бермеу мақсатында жеке қаулы шығарды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.