Оралда мас жүргізуші бөтен көлікті заңсыз айдап кеткен: ол көп ұзамай ұсталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оқиға 7 тамыз күні сағат 08:00 бен 16:00 аралығында болған

Фото: istockphoto.com

Орал қаласында көлік жүргізу құқығынан айырылған мас азамат бөтен көлікті заңсыз айдап кеткен. Ол полицейлердің жедел әрекетінің арқасында ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Күдікті супермаркет маңынан табылды

Оқиға 7 тамыз күні сағат 08:00 бен 16:00 аралығында болған. Белгісіз тұлға қаладағы ғимараттардың бірінің алдында тұрған Volkswagen Golf автокөлігін айдап кеткен.

Полицияға дереу хабарлама түскеннен кейін, жедел басқару орталығының үйлесімді жұмысы нәтижесінде күдікті азамат С.Датұлы көшесіне қарама-қарсы орналасқан «Арман» супермаркетінің маңынан анықталып, «Автоураган» жедел тобының көмегімен қолға түсті.

Мас күйде рөлге отырған

Тексеру кезінде 1995 жылы туған азаматтың бұрын көлік басқару құқығынан айырылғаны және оқиға кезінде мас күйде болғаны белгілі болды. Бұған қоса, ол өзге адамға тиесілі көлік құралын заңсыз иемденген.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал көлік заңды иесіне қайтарылды.

Қылмыстық іс қозғалды

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің мына баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды:

  • 200-бабының 1-бөлігі – «Автокөлікті ұрлау мақсатынсыз заңсыз иемдену»;
  • 346-бабы – «Көлік басқару құқығынан айырылған, мас күйдегі адамның көлік басқаруы».

Айта кетейік, мас күйде көлік жүргізу және өзгенің көлігін заңсыз иемдену – қылмыстық жауапкершілікке әкелетін ауыр құқықбұзушылық.