Сыртқы істер министрлігі түсініктеме берді
Газа секторындағы ахуалға байланысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің үйлестіруімен Иордания мен Израильдегі ҚР шетелдік мекемелері қақтығыс аймағынан алты отандасымызды эвакуациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, Қазақстан азаматтары шекаралық өткізу пункттері арқылы сәтті өткізіліп, Амман қаласындағы Әлия патшайым атындағы халықаралық әуежайға жеткізілді, сол жерден олар елімізге оралды.
«Аталған операция Иордания билігімен тиімді өзара іс-қимылдың нәтижесінде мүмкін болды және Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін шетелде қорғау ҚР СІМ қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып саналатынын айқын көрсетеді.
Қазақстанның Амман және Тель-Авив қалаларындағы елшіліктері өңірдегі жағдайды мұқият бақылауда ұстап, Газа секторы мен жалпы Палестина аумағында жүрген Қазақстан азаматтарымен тұрақты байланыста.
Министрлік Қазақстан азаматтарының қауіпсіз шығуына жедел көмек көрсеткені және тиімді ынтымақтастығы үшін Иордания мен Израиль билігіне, сондай-ақ Халықаралық Қызыл Крест комитетіне шынайы алғысын білдіреді», – делінген ҚР СІМ хабарламасында.