Іс-шараға 50-ден астам мекеме мен кәсіпорын өкілдері қатысты
«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шара партияның «Жастарға жұмыс» жобасы аясында ұйымдастырылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, елдегі нақты сұранысқа ие мамандықтарды дамытуды тапсырған болатын. Осы тапсырмаға сәйкес, жәрмеңкенің басты мақсаты – жастарға жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсынып, кәсіби болашағын айқындауға қолдау көрсету.
Іс-шараға 50-ден астам мекеме мен кәсіпорын өкілдері қатысып, жастарға 500-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Әсіресе, жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары болды. Бұл жәрмеңке жұмыссыз жүрген жастар үшін үлкен мүмкіндікке айналды.
«Бос орындар жәрмеңкесі – жұмыссыз жүрген жастарға өзіне лайықты мамандық табуға, жұмыс берушілерге қажетті кадрлармен танысуға мүмкіндік беретін тиімді диалог алаңы. Бүгінде еңбек нарығында білікті кадрларға сұраныс өте жоғары. Қоғамда жұмысшы мамандығына деген көзқарасты өзгерту – біздің басты міндетіміз. Сондықтан бүгінгі іс-шара жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, NEET санатындағы жастар үлесін азайту және жас азаматтардың еңбек нарығына араласуын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылып отыр. «AMANAT» партиясы жастарды қолдауға әрқашан дайын», – деді «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов.
Жәрмеңке барысында қатысушылар кәсіби бағыт-бағдар алып, жұмысқа орналасу талаптары бойынша толыққанды ақпарат алды. Тараз қаласының тұрғыны Нұрсұлтан Нұғман осындай іс-шаралардың жастардың өз орнын табуына зор ықпал ететінін атап өтті.
«Мұндай жәрмеңкенің жұмыс іздеген жастар үшін маңызы өте зор. Біз бірнеше жұмыс берушімен байланыс орнатып, нақты ұсыныстар алдық. Мұндай мүмкіндіктер күнде туа бермейді», – деді ол.
Жобаның басты мақсаты – жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету және NEET санатындағы жастар үлесін азайту. Аталған бағытта биыл республика бойынша 100 мың жас жұмыспен қамту іс-шараларына қатысты. Себебі партияның сайлауалды бағдарламасында жастар үшін әділ әлеуметтік лифт жасау басты міндеттердің бірі ретінде белгіленген.