Астанада модульді үй салдырмақ болған әйел адам 2 млн теңгесінен айырылып қалды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп қалған

Фото: istockphoto.com

Астанада әйел адам модульді үй салдыру үшін белгісіз компанияға 2 миллион теңге алдын ала төлем жасап, алаяқтардың құрбанына айналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жәбірленуші әлеуметтік желілердің бірінде үй салу жөніндегі жарнаманы көріп, сол компаниямен байланысқа шыққан.

Жұмысшылар үйге келіп, есеп жасап, келісімшарт жасаған

Келген «мамандар» үйдің орнын өлшеп, жалпы құнын есептеп берген. Кейін тапсырыс берушімен ресми келісімшарт жасасып, ол 2 миллион теңге алдын ала төлем аударады.

Құжат бойынша мердігерлер 30 күн ішінде құрылыс жұмысын аяқтауы тиіс болған. Алайда уақыт өте келе ешқандай жұмыс басталмаған, ал компания өкілдерімен байланыс толық үзілген.

Қылмысқа күдікті ұсталды – тағы бес адам алданған

Алаяқтық дерегі бойынша полицияға жүгінген әйелдің арызы негізінде 27 жастағы астаналық тұрғын ұсталды. Тергеу барысында осындай тағы бес факт тіркелгені анықталды – олар да дәл осы схема бойынша жүзеге асқан.