Ол Жайық өзеніне батып кете жаздады
Орал қаласында Жайық өзенін жүзіп өтпек болған ер адам шұғыл қызметтердің көмегімен құтқарылды, деп хабарлады Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, құтқару қызметіне әйел адам хабарласып, белгісіз ер адамның Жайықты жүзіп өтпек болып жатқаны туралы мәлімет берген.
Ақпарат бойынша, ер адамның әрекеті оның өміріне нақты қауіп төндіруі мүмкін болған.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар ер адамды қайыққа мінуге көндіре алмаған.
Азамат құтқарушылардың әрекетіне қарсылық білдіріп, судан шығудан бас тартқан.
Құтқарушылар азаматпен түсіндіру жүргізіп, оның сабасына түсуіне ықпал етті. Нәтижесінде ер адам өз өміріне қауіп төндірмей, су бетіне шығарылды.
Құтқару операциясы сәтті аяқталған соң, ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің тиісті бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Оның нақты қай бабы бойынша жауапқа тартылғаны әзірге нақтыланбады.
«Судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, өмірге қауіп төндіретін әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз», – деп мәлімдеді.