Соңғы екі жылда 90-нан астам қызметкердің мұндай тексеруден өтпегені анықталды
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Жетісу өңірінде азаматтардың еңбек құқықтарын сақтау бойынша кең ауқымды тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде жүздеген қызметкердің құқығы қалпына келтірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне скринингтік тексеруден өту үшін әлеуметтік демалыс беруге міндетті.
Алайда Қаратал ауданындағы медициналық ұйымдармен салыстыру нәтижесінде, соңғы екі жылда 90-нан астам қызметкердің мұндай тексеруден өтпегені анықталды.
Бұл жұмыс берушінің заң талабын орындамағанын көрсетті.
Сонымен қатар, жұмыс беруші қызметкерді еңбек барысында жазатайым оқиғалардан міндетті түрде сақтандыруы тиіс.
Алайда тексеріс барысында 70 қызметкердің сақтандыру шарты жоқ екені белгілі болды.
Қаратал аудандық прокуратурасы қадағалау актісін енгізіп, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қалпына келтірді.
Заңбұзушылыққа жол берген үш жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл жағдай еңбек қауіпсіздігі мен жұмысшылардың денсаулығын қорғау мәселелерінің өзектілігін тағы бір мәрте көрсетті.
Мемлекеттік органдар еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету жұмыстарын алдағы уақытта да күшейтуді жоспарлап отыр.