Қайық бұзылып, аралда қалып қойған
Абай облысындағы Алакөл көлінде 14 адам, оның ішінде 8 бала жағаға қайта шыға алмай аралда қалып қойған. Олар жағалаудан 20 шақырым қашықтықта болған. Құтқарушылар бұл оқиғаны патруль кезінде байқап қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құтқарушылардың мәліметінше, қайықтың техникалық ақауына байланысты адамдар өздігінен қайтып шыға алмаған. Олар жауын-шашын мен бұршақтың астында тұруға мәжбүр болған.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқару жасағының көмегімен барлық адам құрлыққа аман-есен жеткізілді.
«Медициналық көмек ешкімге қажет болған жоқ», — деп хабарлады Абай облысының ТЖД.
Төтенше жағдайлар министрлігі суға шықпас бұрын қайықтың техникалық жағдайын мұқият тексеруді, қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді.
«Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін демалушылар қауіпсіздікке мән беруі тиіс», – делінген ресми хабарламада.