Иракта ерлікпен қаза тапқан қазақстандық бітімгерге ескерткіш қойылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Қайрат Құдабаевтың ерлігіне 20 жыл болды

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Алматы облысында Ирактағы бітімгершілік миссия кезінде ерлікпен қаза тапқан капитан Қайрат Құдабаевқа арналған ескерткіш ашылды. Монумент ҚР Қорғаныс министрлігінің «Бітімгер» оқу-жаттығу орталығының аумағына орнатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Бір сарбаз – мың жауынгерге үлгі

Қайрат Құдабаев – Қазақстан Қарулы күштерінің Ирактағы бітімгерлік миссиясы кезінде көз жұмған жалғыз әскери қызметшісі. 2005 жылдың 9 қаңтарында Васит провинциясында оқ-дәрілерді эвакуациялау операциясы кезінде болған жарылыс салдарынан капитан Құдабаев өзі қаза болып, бірнеше сарбаздың өмірін сақтап қалған.

«Көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ол қайтыс болғаннан кейін I дәрежелі «Айбын» орденімен және бірнеше халықаралық марапаттармен марапатталды», – делінген Қорғаныс министрлігі таратқан хабарламада.

Мемориал ашу рәсімі қалай өтті

  • Іс-шара Қорғаныс министрлігінің Бітімгершілік операциялар орталығында өтті
  • Салтанатты жиында сарбаздың туыстары мен әскери әріптестері жиналды
  • Батыр рухына тағзым етіліп, бір минут үнсіздік жарияланды
  • Қатысушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Бауырының естелігі

«Кайраттың қазасына тура 20 жыл толды. Біз оның жарқын бейнесін, мейірімділігін, айналасына шапағат шашып жүретін қасиетін ешқашан ұмытпаймыз. Бұл – біздің бүкіл отбасы үшін ауыр сынақ болды, әсіресе анамыз үшін», – дейді бауыры Бауыржан Құдабаев.