Концерт аяқталған соң жұрт трибунадан бірден кетіп қалған жоқ
«Астана Арена» стадионында өткен Дженнифер Лопестің ерекше шоуынан кейін көрермен ерекше экологиялық бастама көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елорда әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше концерт аяқталған соң жұрт трибунадан кетіп қалмай, стадиондағы қоқысты жинап, мәдениет мен жауапкершіліктің жоғары деңгейін көрсетті.
«Акцияға елорда тұрғындарының сүйікті кейіпкеріне айналған Тазабек те қосылды. Ол да көрермендермен бірге қоқысты тазалап, ерекше бастамаға үлес қосты», - деп жазылған хабарламада.
Америкалық әнші әрі актриса Дженнифер Лопес кеше, 1 шілдеде Астанада концерт берді. Енді Up All Night бағдарламасы аясында 10 тамызда Алматыда концерт қояды.
Еске сала кетейік, әншінің Мысырдағы концерті 4 шілдеге жоспарланған болатын, алайда концертке аз уақыт қалғанда ол 30 шілдеге ауыстырылғаны хабарланды. Бұған орындаушының гастрольдік кестесіне енгізілген түзетулер себеп болған.
ТАСС тілшісінің хабарлауынша, Лопестің Мысырдағы концерті үлкен ажиотаж туғызып, кіреберіс маңында адам кептелісіне алып келді.