Жамбыл облысында жеміс-жидек сататын кәсіпкерлер бюджеттен 300 млн теңге ұрлаған

Автор: Асыл Арман

Олар заңсыз ісі үшін сотталып кетті

Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында 300 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған кәсіпкерге қатысты іс бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұдан бұрын Жамбыл облысының прокуратурасы «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС мен «Жеміс-жидек» ЖШС қызметіне тексеру жүргізіп, аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтаған.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеуді жүргізу облыс прокуратурасының арнайы прокурорларына жүктелді. Яғни, 2015-2022 жылдар аралығында аталған ЖШС басшылары қол астындағы қызметкерлердің көмегімен жеміс ағаштарының көшеттерін сатумен байланысты құжаттарды қолдан жасап, сатылған өнім көлемін әдейі асыра көрсеткені анықталды.

«Алаяқтық әрекеттердің нәтижесінде олар мемлекеттен 321 млн теңгеден астам көлемде заңсыз субсидия алған. Қылмыстық іс аясында айғақтар толық жиналып, күдіктілерге ҚК-тің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы және 385-бабы 2-бөлігі (алаяқтық және жалған құжаттарды қолдан жасау) бойынша айып тағылды.

2025 жылғы 23 шілдеде Меркі аудандық соты барлық күдіктіні кінәлі деп таныды.

ЖШС басшыларына 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сондай-ақ 10 жыл мерзімге қаржы бақылауы және мемлекеттік сектор саласында лауазым атқаруға тыйым салынды», – делінген прокуратура хабарламасында.

Алаяқтық жасауға көмектескен бес қызметкерге 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.