Бұл жолы 2 тоннадан астам қоқыс шығарылды
«AMANAT» партиясы қолға алған «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасып, қоғам назарын қоршаған ортаның тазалығына аударуға үлес қосуда. Игі іс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасы аясында өтіп, азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру мен туған өлкені қорғауға деген жауапкершілігін қалыптастыруды көздейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жастар Рухы» белсендісі Әділет Айтқазының айтуынша, демалушылардан қалған қалдықтар жағалаудың экологиялық жағдайына зиян келтіруде. Бұл жолы 90-ға жуық қап қоқыс шығарылып, жалпы салмағы 2 тоннадан асты. Олардың ішінде пластик, шіріген тамақ қалдықтары, сынған ыдыстар, бір реттік мангалдар мен құрылыс қоқыстары бар.
«Қапшағай көлі – еліміздің басты туристік аймақтарының бірі. Жыл сайын мұнда 500 мыңнан астам адам демалуға келеді. Бірақ жағажайда пластик пен шыны үйіліп жатса, туристерді қалай тартамыз? Тек өткен аптада ғана ондаған қап қоқыс жинадық. Егер әр демалушы өз қоқысын жинап кетпесе, көлдің экологиясына да, туризмге де қауіп төнеді», – деді ол.
Сонымен қатар өңірдегі Іле ауданындағы Ащыбұлақ ауылдық округінде өткен тазалық жұмыстарына 150-ге жуық адам қатысты. 10 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 4 гектар аумақ күл-қоқыстан тазартылып, шамамен 3 тонна тұрмыстық қалдық арнайы полигонға жеткізілді.
Абай облысы Үржар ауылында мәслихат депутаттары, жастар және жергілікті белсенділер өткізген экоакция да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қатысушылар Балалар саябағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, қоршаған ортаны күтіп ұстауға өз үлестерін қосты. Іс-шара барысында 30 қап қоқыс арнайы техника көмегімен шығарылды.
«Бүгінгі акцияға 50-ге жуық азамат қатысып, қоршаған ортаның тазалығына өз үлестерін қосты. Акция аясында көшенің бойындағы тұрмыстық қалдықтар жиналып, қураған ағаштар мен арамшөптер тазартылды. Асфальт арнайы техниканың көмегімен жуылып, тұрғындарға қолайлы әрі таза орта қалыптастырылды», – деді акцияға қатысқан волонтер Еділ Жарасұлы.