Онлайн-алаяқтар жарты жылда қазақстандықтардың шотынан 2,2 млрд теңге ұрламақ болған

Автор: Асыл Арман

Көбінесе 46 жастан асқан адамдар алаяқтардың құрбанына айналады

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Жыл басынан бері Қазақстанда 11 мыңнан астам интернет-алаяқтық оқиғасы тіркелген. Алаяқтардың негізгі құрбаны – егде жастағы адамдар. Бұл туралы Azattyq Rýhy агентігінің ресми сауалына ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі жауап берді.

ІІМ деректеріне сәйкес, көбінесе 46 жастан асқан адамдар алаяқтардың құрбанына айналады.

«Жәбірленушілердің жалпы саны ішінде әйелдер – 5 648, қалалық жердің тұрғындары – 6 543, жеке құрылым қызметкерлері – 1 897, жұмыссыздар – 1 254, кәсіпкерлер – 344. Сонымен қатар интернет-алаяқтықтың құрбаны болған 22 кәмелетке толмаған азамат жәбірленуші ретінде танылды», – деп хабарлады ведомстводан.

Жыл басынан бері мұндай қылмыстармен күрес күшейтілді:

  • 2024 жылғы қарашада Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылды, ал 2025 жылғы қаңтардан бастап оның бөлімшелері еліміздің әр өңірінде жұмыс істей бастады;
  • Алматы академиясының базасында мамандарды даярлайтын «Кибер орталық» ашылды. Қазіргі уақытта олар 69 миллион фрод-қоңырауды бұғаттады;
  • Банктермен бірлесіп құрылған «Антифрод-орталық» 2024 жылғы 22 шілдеден бастап күдікті аударымдарды бұғаттап, жалпы сомасы 2,2 миллиард теңгені аман алып қалды.

Еске сала кетейік, азаматтарды дроппер ретінде пайдалану (яғни сыйақы үшін өздерінің банк деректерін ақша аударымына беру) – қылмыстың жаңа түрі ретінде танылып, ҚР Қылмыстық кодексіне жаңа 232-1-бап енгізілді – «Жалған төлем карталары мен өзге де төлем және есеп айырысу құжаттарын дайындау немесе өткізу». 2025 жылғы 16 шілдеден бастап мұндай әрекеттер қылмыс болып саналады.

Алаяқтықтың кең таралған тәсілдері – «банк қызметкері», «полиция» немесе «инвестор» ретінде қоңырау шалып, несие рәсімдеуге, ақшаны «қауіпсіз» шотқа аударуға, зиянды қосымшалар орнатуға, SMS-кодтарды, CVV-кодтар мен құпиясөздерді беруге үгіттеу. Алаяқтар жалған нөмірлер мен танымал банктердің интерфейсіне ұқсас фишингтік сайттарды пайдаланады.

Мессенджерлерде полиция қызметкерлері мен еріктілер қатысатын Cyberbot топтары құрылған. Олар фишингтік сілтемелерді анықтап, оларды жою үшін жаппай шағым жасайды.

МВД алаяқтардың құрбаны болмау үшін мынаны ұсынады:

  • Жеке және банк деректерін бөтен адамдарға бермеу;
  • Бейтаныс адамдардың сұрауымен қосымшалар орнатпау;
  • Күдікті сілтемелерге өтпеу;
  • Тек ресми маркетплейстер мен сайттардан сауда жасау;
  • Құпиясөздерді үнемі өзгертіп, банк шоттарын тексеріп отыру.

Цифрлық технологияларды сенімді меңгермеген қарт адамдар алаяқтар үшін аса осал топ болып саналады. ІІМ туыстарға олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алаяқтық тәсілдерін түсіндіріп, банктік карталардан қолма-қол ақша алу кезінде бірге жүруге кеңес береді.

Техникалық және құқықтық шаралардан бөлек, Ішкі істер министрлігі алдын алу жұмыстарын да күшейтті: бұқаралық ақпарат құралдарында 27 мыңнан астам материал жарияланып, 150 мың буклет таратылды және 150 бейнеролик әзірленді.

Кибералаяқтықпен күрес 2028 жылға дейінгі Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын іске асыру аясында жалғасады.