Ұйымдасқан қылмыстық топ кемінде 500 адамға заңсыз жүргізуші куәлігін алып берген
Шымкент қаласының прокуратурасы мен Қаржы мониторингі агенттігінің қалалық департаменті жүргізуші куәліктерін заңсыз рәсімдеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2023-2024 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-ның №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) басшылығы мен қызметкерлері теориялық және практикалық емтихандарсыз жүргізуші куәліктерін рәсімдеуге жағдай жасаған.
Тергеу деректеріне сәйкес, бір куәлікті заңсыз рәсімдеудің құны 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейін болған. Бұл «қызмет» түрі арқылы кем дегенде 500 адам жүргізуші куәлігін заңсыз иеленген.
Қылмыстық топтың жалпы табысы 150 миллион теңгеден асқаны анықталды. Бұдан бөлек, күдіктілердің 200 миллион теңгеден астам мүлкіне тыйым салынды.
Іс бойынша 15 тұлға айыпталушы деп танылды. Тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданды.