Олардың бұрын да сотты болғаны анықталды
ІІМ Криминалдық полиция департаменті мен Ақмола облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері Астраханка ауылында аудандық мәслихат төрағасының үйіне жасалған қарақшылық шабуылды ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 15 шілде күні болған. Бетперде және капюшон киген екі адам аңшы мылтығымен қорқытып, ерлі-зайыптылар тұратын үйге кірген. Шабуыл нәтижесінде 4 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілген. Қарақшылар жәбірленушілерді байлап, үй жертөлесіне қамап кеткен.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында үш күдікті ұсталды: олардың екеуі – Жамбыл, біреуі – Түркістан облысының тұрғыны. Бұған дейін бірнеше рет сотты болған. Тінту кезінде ұрланған алтын бұйымдар тәркіленді.
Қазіргі уақытта үшеуі де уақытша ұстау изоляторында. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов мәлімдегендей:
«Ішкі істер министрлігі азаматтарға төнген кез келген қауіпке жедел әрекет етеді. Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету – басты міндет», – дейді ол.
Айта кетейік, осыған дейін Ақмола облысында ұрылар депутаттың үйін тонап, көлігін мініп кеткені туралы ақпарат тараған болатын.