Олар халықтан жалпы көлемі 3,5 млрд теңге жинаған
Аса ірі көлемдегі алаяқтық пен қылмыстық жолмен табылған кірістерді заңдастыру фактісі бойынша айыпталған Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот үкімі шықты. Осы іске қатысты Бас прокуратура түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотталушы Перизат Қайраттың өтініші бойынша оның жеке мәліметтері мен айғақтарын жарияламау мақсатында сот отырысы ішінара жабық режимде өтті.
Айыптау тарабы Қайратқа 10 жыл, Алашбаеваға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын және мүліктерін тәркілеуді сұрады. Сот та бұл талапты қолдады.
Сот деректеріне сәйкес, 2021 жылдың қазан айынан 2024 жылдың қарашасына дейін Қайрат пен Алашбаева «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры арқылы Оңалту орталығын салу, Палестина халқына көмек көрсету, Қазақстандағы су тасқыны салдарын жою мақсатында жалпы 3,5 млрд теңге қаражат жинаған.
Жиналған ақша мұқтаж жандарға емес, керісінше элиталық жылжымайтын мүлікке, қымбат көліктер мен сәнді тауарларға, жалған келісімшарттар жасау арқылы бизнесті заңдастыруға жұмсалған.
Перизат Қайрат әлеуметтік желіде БАӘ-ге ет өнімдерін экспорттайтын отбасылық бизнесі бар деп, шетелдегі беделді оқу орнын бітіргенін айтып келген.
Алайда бұл ақпараттардың шындыққа қатысы жоқ. Іс материалдарына сәйкес, ол колледжден шығарылған және жоғары білімі жоқ.
Ғайни Алашбаева:
Іс бойынша 51 адам жәбірленуші деп танылды, олардан келген материалдық залал 1,5 млрд теңгеге бағаланған. Прокуратура бұл талапты толық көлемде қанағаттандыруды сұрады.
Қоғамдық резонанс тудырған бұл іс қайырымдылықты бүркемелеп, сенімді теріс пайдаланудың нақты үлгісі болып отыр. Ол мұндай қылмыстарға жол беруге болмайтынына ескерту ретінде қабылдануы тиіс.