Қазақстандық оқушылар IPhO-2025 олимпиадасында бес медаль жеңіп алды

Автор: Аягөз Құрмаш

Халықаралық физика олимпиадасында ұлттық құрама екі күміс және үш қола медаль еншіледі

Фото: gov.kz

Қазақстан құрамасы Францияның Палезо қаласында өткен 2025 жылғы Халықаралық физика олимпиадасында (IPhO-2025) жоғары нәтиже көрсетті. Әлемнің 90 елінен 400-ден астам дарынды оқушы қатысқан зияткерлік жарыста қазақстандық жастар екі күміс және үш қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Күміс медаль иегерлері:

  • Әмірбек Азатбеков — Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;
  • Бекасыл Елубай — Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы.

Қола медаль иегерлері:

  • Әмір Пшенбаев — Астана қаласындағы «Spectrum» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Нұргүл Егенбергенова — Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы;
  • Артур Ким — Астана қаласындағы «Spectrum» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы.

Оқушылардың ғылыми жетекшілері:

  • Самат Мақсұтов, PhD докторы, Сулейман Демирель университетінің ассистент-профессоры;
  • Алишер Еркебаев, халықаралық олимпиадалардың жүлдегері.

Физикадан халықаралық олимпиада (IPhO) - әлемдегі ең беделді пәндік жарыстардың бірі. 1967 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл жарысқа Қазақстан 1997 жылдан бастап тұрақты қатысып келеді. Осы уақыт аралығында еліміздің оқушылары ондаған медаль жеңіп алып, халықаралық деңгейде білім мен ғылым саласындағы бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді.