Тайланд пен Камбоджа шекарасындағы қақтығыс: 12 адам қаза тапты

Автор: Асыл Арман

Қаза тапқандардың бәрі – Тайланд азаматтары

Фото: Mak Remissa/EPA

Тайланд пен Камбоджа арасындағы шекарада 24 шілде күні әскери қақтығыстар басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап.

Бангкок Камбоджаны артиллериялық шабуыл жасады деп айыптаса, Пномпень өз кезегінде Тайланд әуе соққыларын мойындаған. Екі тарап та бейбіт нысандарға оқ атылғанын айтуда.

Тай жағынан 12 адам қаза тапты, олардың 11-і – бейбіт тұрғын

Бангкок мәліметінше, қаза тапқандардың барлығы Тайланд азаматы, оның ішінде 11 адам – бейбіт тұрғын.

Камбоджа қаза болған азаматтары туралы әзірге ақпарат таратқан жоқ.

Камбоджа үкіметі: «Бүкіл кінә – Тайландта»

Камбоджа үкіметінің баспасөз хатшысы Пен Бона мәлімдемесінде Тайландты кінәлады:

«Бүгін болған барлық жағдайға Тайланд кінәлі. Құрметті бауырлар, әпке-қарындастар және халықаралық қауымдастық, Тайланд бізге оқ атты – олардың көздегені біздің жеріміз», – деді ол.

Тайланд үкіметі: «Біз ел шекарасын қорғаудамыз»

Тайландтың уақытша премьер-министрі Пхумтам Вечайчай мәлімдеме жасады:

«Біз өз еліміздің тәуелсіздігін және шекарасын қорғаймыз. Мәселенің түп-төркіні – осы. Біздің егемендігімізге қол сұғуға жол бере алмаймыз. Сондықтан елдің қорғанысы үшін барлық міндетімізді орындауға дайынбыз», – деді ол.

Шекара дауының тарихи тамыры

Тайланд пен Камбоджа арасындағы шекаралық дау Француз Үндіқытайы дәуірінен, яғни бір ғасырға жуық уақыттан бері жалғасып келеді. Осы уақыт ішінде шекарада бірнеше мәрте қақтығыс тіркелген. Соңғысы – 2025 жылдың мамыр айында даулы аумақта камбоджалық сарбаз қаза тапқан оқиға.