Астанада мас жүргізуші полициядан қашамын деп патрульдік көліктің өзіне соғылды: ол 4 жылға сотталды

Автор: Асыл Арман

Ол сол жерде ұсталып, қамауға алынды

Фото: istockphoto.com

Жүргізуші куәлігінен айырылған мас азамат полициядан қашып, патрульдік көлікпен соқтығысты. Оқиға заңға бағынбаған азаматтың қылмыстық әрекетімен аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Заңды талапқа бағынбай, жол ережелерін бұзды

Полиция қызметкерлері көлікті тоқтату туралы заңды талап қойған кезде, ер адам бағынудан бас тартып, оқиға орнынан бой тасалауға тырысқан. Қашу кезінде ол бірнеше рет жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған, айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.

Қылмыстық әрекет патрульдік көлікпен соқтығыспен аяқталды

Қашқынның жолы ұзаққа созылған жоқ – оның әрекеті патрульдік автокөлікпен соқтығыспен аяқталды. Ер адам оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сот шешімі: бас бостандығынан айырылып, көлік жүргізу құқығынан мәңгіге айрылды

Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып:

  • 4 жылға бас бостандығынан айырылды;
  • өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылды.

Сонымен қатар, келтірілген материалдық шығын сотталушы тарапынан толық өтелді.

Прокуратура ескертеді: заңды бұзғандарға ауыр жаза қолданылады

Прокуратура мәліметінше, көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның мас күйінде (алкоголь, есірткі немесе уытқұмарлықпен) көлік басқаруы, не болмаса мұндай адамға көлікті басқаруға мүмкіндік беру – Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес, өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыра отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.