Алматы облысында әкімдік қызметкері болып көрінген алаяқ 110 млн теңге жымқырған

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қаскелең тұрғыны жалған уәде беріп, ондаған азаматты алдаған

Фото: Freepik.com

Алматы облысында өзін әкімдіктің қызметкері ретінде таныстырған 47 жастағы Қаскелең қаласының тұрғыны ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Пәтер алып беремін» деп 47 адамды алдаған

Тергеу барысында күдіктінің әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған мемлекеттік ипотекалық бағдарлама бойынша тұрғын үй рәсімдеуге көмектесемін деп сендіргені анықталған. Ол пәтерді төмен пайызбен, небары екі-үш айдың ішінде алып бере алатынын айтып, сенімге кірген.

Нәтижесінде 47 азамат күдіктіге жалпы көлемі 110 миллион теңге қаражат берген.

Жоғары білімі бар, бірақ еш жерде жұмыс істемеген

Тексеру барысында ер адамның жоғары білімі болғанымен, ресми түрде еш жерде жұмыс істемегені белгілі болды.

Келісілген мерзім ішінде тұрғын үй берілмегенін байқаған жәбірленушілер полицияға жүгінген.

Сот үкімі шықты: 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды

Құқық қорғау органдары тергеу барысында жеткілікті дәлелдер жинап, күдіктінің кінәсі толық дәлелденді. Сот шешімімен ер адам 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ ол 75 миллион теңгені жәбірленушілерге қайтаруға және сот шығындарын өтеуге міндеттелді.