Ол биыл 7 ақпанда ұсталды
Ақтау қаласында есірткі затын заңсыз сақтағаны үшін Татьяна Голополосова есімді тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Ол Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2025 жылғы 7 ақпанда Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ақтаудағы 4-шағынауданда орналасқан үйдің галереясында Голополосованы ұстаған. Оның сөмкесінен 4,85 грамм мефедрон, ал кейін тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде 0,16 грамм есірткі табылып, тәркіленді.
Сот процесінде айыпталушы есірткі заттарының бір бөлігі өзіне тиесілі екенін мойындағанымен, сөмкесіндегі затты танысы Р.Сағынтаева салып жіберген деп мәлімдеген. Алайда тергеу материалдары мен куәгерлердің айғақтары бұл уәжді жоққа шығарды.
Ақтау қалалық соты Голополосованы орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеуге үкім етті. Бұған дейін қолданылған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы жойылып, ол сот залында қамауға алынды.
Сот айыпталушының кәмелетке толмаған үш баласының барын және кінәні ішінара мойындағанын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Алайда қылмыстың қоғамға қауіптілігіне байланысты жаза өтеу мерзімін кейінге қалдыру шарасы қолданылған жоқ.