Дипломды сатып алудың еш қажеті жоқ - министрлік

Автор: Темірхан Айжан

Себебі оларды оңай тексеруге болады 

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенованың айтуынша, бүгінгі таңда дипломды қолдан жасау немесе сатып алудың еш қажеті жоқ. Себебі әрбір дипломды электрондық жүйе арқылы тексеруге болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазір жұмыс беруші де, жеке тұлға да NBE порталы арқылы дипломның нөмірін теріп, иесінің қай оқу орнында, қай жылы білім алғанын анықтай алады. 1991 жылдан бері 3,5 миллионнан астам диплом цифрландырылды», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, бүгінде берілетін дипломдарда арнайы QR-код пен сериялық нөмір болады. Сол арқылы құжатты шын не жалған екенін анықтауға болады.

Министрлік әлі де жалған диплом сатумен айналысатын алаяқтардың бар екенін мойындап отыр. Осыған байланысты ведомство құқық қорғау органдарымен, өзге де министрліктермен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

«Жалған диплом сатқан да, сатып алған адам да жауапкершілікке тартылады. Мұндай жағдайда тек әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған», - деп ескертті Көбенова.