Рушылдық пен трайбализм ұлт тұтастығына қауіп төндіреді – тарихшы

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол ұлт ретінде дамуға кедерг келтіретін факторларды атап өтті

Фото: жеке мұрағат

Тарихшы Әлішер Алдонғар қазақ халқының ұлттық тұтастығына рушылдық пен трайбализм айтарлықтай қауіп төндіретінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Тарихшының айтуынша, қазақ ұлтының ұлттық болмысы – төрт негізгі тірекке сүйенеді:

  • Салт-дәстүр
  • Тіл
  • Дін
  • Мәдениет

«Осы төрт бағыт – қазақтың рухани бәйтерегінің тамыры іспетті. Егер осы тіректер әлсіресе, ұлттың тұтастығы мен бірегейлігіне сызат түседі. Сондықтан бұл құндылықтарды тек қорғап қана қоймай, дамытып, дәріптеу қажет. Бұл ұлттың қазіргі және болашақтағы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық негіз. Ұлт ретінде сақталып қалудың басты шарты рухани тамырдан ажырамау. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып ұлттың ішкі өзегі. Оларды сақтау арқылы ғана біз қазақ болмысын, оның даралығын сақтап қала аламыз.Қазақ халқы үшін бұл кезең  рухани сергектік пен тарихи жауапкершілік кезеңі. Руханиятқа жасалып жатқан шабуылдарға қарсы тұру – баршамыздың ортақ парызымыз», - дейді тарихшы.

Оның айтуынша, қазақ ұлтына қауіп төндірген сана үлгілерінің бірі коммунизм мен империялық көзқарас.

«Бұл идеологиялар XX ғасырда ұлттың өзіндік болмысы мен салт-дәстүріне кері әсер етіп, рухани жұтаңдыққа әкеледі. Бұл жүйелердің басты мақсаты халықты ортақ «жасанды» идеологияға бағындыру болғандықтан, ұлттық ерекшеліктерді тұншықтырды. Бүгінгі таңда да елімізде ұлттық тұтастыққа қауіп төндіретін келесі бір құбылыс – рушылдық пен трайбализм. Бұл – қоғам ішіне іріткі салатын, ұлт ретінде ілгері дамуға бөгет жасайтын дертті құбылыс. Қазіргі әлемде мультикультурализм ұғымы кеңінен таралған. Бұл – мәдени әртүрлілікті сақтау мен құрметтеуді көздейтін қағида. Әр ұлт өз тілімен, салт-дәстүрімен, болмысымен ерекше. Қазақ халқы да өзінің төл ерекшелігін сақтай отырып, жаһандық қоғамда өз орнын айқындауы керек», - дейді Әлішер Алдонғар.

Тарихшының айтуынша, салт-дәстүр – ұлттың іргетасы. Ол жоғалса, рухани тамырдан ажыраймыз. Сондықтан мәдени ерекшелігімізді сақтау – тек ұлттық емес, адамзаттық деңгейдегі жауапкершілік.

«Қазақтың салт-дәстүрлері мен мәдени болмысын бүгінгі күнге жеткізуде тарихшылардың еңбегі ерекше. Қандай идеологиялық кезең болса да, олар рухани құндылықтарды зерттеп, сақтап, ұрпаққа жеткізді.Мысалы, Өзбекәлі Жәнібеков, Бақсайыс Елімбеков сынды ғалымдар – қазақтың фольклоры, ауыз әдебиеті, күй өнері, этнографиясы бағыттарында орасан зор еңбек еткен тұлғалар. Олардың еңбектері қазақтың болмысын тереңнен танытуда маңызды рөл атқарды және қазіргі зерттеушілерге бағыт-бағдар беріп отыр.Бүгінгі және келер ұрпақ бұл еңбектерді бағалап, оларды ғылыми-мәдени айналымда кеңінен насихаттау арқылы ұлттық сана мен дәстүр сабақтастығын сақтай алады», - дейді ол. 

Еске сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алатынын айтып, оған міндетті түрде тосқауыл қою керек деген еді.