Сарыағаш ауданында халықаралық іздеуде жүрген 49 жастағы Қырғызстан азаматы ұсталды
Шілде айының басынан бері Қазақстан Ішкі істер министрлігі (ІІМ) ауыр және аса ауыр қылмыстарға күдікті іздеудегі 67 адамды қолға түсірді. Сонымен қатар, хабар-ошарсыз кеткен 190 азаматтың қайда екені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ келесі санаттар бойынша іздеуде жүрген тұлғаларды ұстады:
Жамбыл облысының Шу ауданында есірткі саудасына байланысты мемлекетаралық іздеуде жүрген 50 жастағы ер адам ұсталды.
Ол 2024 жылы өзінің үйінен тінту барысында 1 тоннадан астам кептірілген марихуана мен 1 кг гашиш тәркіленген іс бойынша жауапқа тартылып отыр.
Қазақстан ІІМ-нің сұрауы бойынша Молдова Республикасында 43 жастағы Украина азаматы қолға түсті. Ол Ұлытау облысында Telegram мессенджері арқылы синтетикалық есірткі сатқан және табысты криптовалюта арқылы шетелге аударып, заңдастырған. Қазір күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталып, экстрадициялау мәселесі қаралуда.
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында халықаралық іздеуде жүрген 49 жастағы Қырғызстан азаматы ұсталды. Ол қылмыстық ұйымды қаржыландыруға қатысы бар деген күдікпен іздестірілген.
Алматы қаласының халықаралық әуежайында Қытай Халық Республикасының азаматы қолға түсті. Ол Бахрейнде 2023 жылдың желтоқсанында жеке үйге заңсыз кіріп, 535 мың АҚШ долларынан асатын зергерлік бұйымдарды ұрлаған.
Донорлық органды заңсыз сатқан күдікті Түркияда ұсталды
Қазақстан ІІМ мен Түркия құқық қорғау органдарының бірлескен әрекеті нәтижесінде Кайсери қаласында 40 жастағы Әзербайжан азаматы қолға түсті. Ол 2017 жылы Алматыда қылмыстық топ құрамында донорлық органды заңсыз сатуға қатысқан.
Ішкі істер министрлігі азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында қылмыстық топтармен күрес пен хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіруді жүйелі түрде жалғастырып жатыр.