Маңғыстау облысында жасөспірімдер арасында жаппай төбелес болды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оқиға ауылдардың бірінде болды

Фото: Видеодан скрин

Маңғыстау облысының Күрік ауылында жасөспірімдер арасында жаппай төбелес болды. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кадрлардан ондаған баланың қатысуымен болған қақтығысты байқауға болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Төбелес кезінде таяқ пен тас қолданылған

Куәгерлер түсірген видеодан жасөспірімдердің бір-біріне таяқ және тас лақтырып жатқанын көруге болады. Оқиға орны ауыл ішіндегі ашық алаңқайға ұқсайды. Дау-дамайдың нақты себебі әзірге белгісіз.

Полиция қатысушыларды анықтады

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қақтығысқа қатысқан барлық жасөспірім анықталып, олар ата-аналарымен бірге полиция бөлімшесіне жеткізілген.

Қылмыстық іс қозғалды, ата-аналар жауапқа тартылды

«Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың ата-аналары да бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды», – делінген полицияның ресми мәлімдемесінде.