«Мойнынан сүйіп, кеудесін ұстаған»: Астанада еңгезердей ер адам 12 жасар қыз балаға тиісті

Автор: Мөлдір Қазыбай

Күдікті ұсталып, арнайы қабылдау орнына қамалды

Фото: Telegram/Криминальный Казахстан

Астанада еңгезердей ер адам 12 жасар қыз балаға және оның екі жасар сіңлісіне шабуыл жасағаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға қыз балалар дүкеннен шығып, үйіне қарай беттегенде болған. Желідегі мәліметке сүйенсек, ер адам ішімдікке удай мас болған. Қыз балаларға тиісіп, мойындарынан сүйіп, кеудесіне қол жүгірткен. 12 жасар қыз бала қарсыласпақ болғанында жерге құлатып жіберген.

Қыздар қаскөйдің уысынан құтылып, подъезд жаққа жүгірген. Ал ол жақта тұрған ер адамдар күдіктіні ұстап, полицияның қолына тапсырған.

Оқыс жағдайды Астана қалалық Полиция департаменті растап, агенттік тілшісіне ресми пікір берді.

«Аталған факті бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Оқиғаға қатысты жан-жақты тексеру жүргізілуде. Іс аясында бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті сот-сараптамалары тағайындалды.

Күдікті арнаулы қабылдау орнына қамалды. Оның әрекетіне қатысты нақты құқықтық баға тексеру нәтижелері бойынша беріледі», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.