Жігіттердің қол-аяғын ұстаған: Қытайда басы дауға қалған қазақстандық блогер елге оралды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қазақстандық бойжеткен Қытайда хайп жасаймын деп ауыр сынға ұшырады

Фото: Алматы қаласы ПД

Қытайда метрода жігіттердің тізесін, қолын ұстап, хайп видео түсіремін деп басы дауға қалған қазақстандық блогер елге оралды. Бойжеткенге Алматы қаласының полиция қызметкерлері профилактикалық әңгіме жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желідегі даулы әрекеттер

Бейнероликтердің бірінде ер адам жолдасының қалтасынан ұялы телефонды алып, оны өтіп бара жатқан Қытай азаматтарының біріне бергені, артынан ұрлық болды деп сол адамға нұсқағаны анық байқалады.

Тағы бір видеода ол көшеде және метро станцияларында бейтаныс ер адамдарға жақындап, қолдары мен аяқтарынан ұстаған. Бұл әрекеттер айналасындағылардың үрейі мен түсінбеушілігін туғызған.

Автор кешірім сұрады

Түсіндіру жұмыстары кезінде ер адам өзінің қателік жібергенін мойындап, өкініш білдірді:

«Менің видеом ешкімді ренжіту мақсатында түсірілмеді. Бұл ойланбай жарияланған материал болды. Егер біреуге жағымсыз әсер етсе, кешірім сұраймын. Енді контент жариялау мәселесіне мұқият қараймын», – деді ол.

Полиция ескерту жасады

Полиция әлеуметтік желілерде кез келген материалды жариялау кезінде отандастар мен шетел азаматтарының ар-намысы мен құқығын құрметтеу маңызды екенін ескертеді. Мұндай әрекеттер арандатушылық ретінде қабылданып, қоғамда теріс пікір тудыруы мүмкін.

Заң мен дәстүрді сақтау – ортақ міндет

Сонымен қатар, шетелге шыққан әрбір азамат сол елдің заңдарын, қоғамдық тәртіп ережелері мен мәдени дәстүрлерін құрметтеуі тиіс. Бұл нормаларды бұзу құқықтық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Айта кетейік, қазақстандық блогер қыз Қытайда хайп жасаймын деп ауыр сынға ұшырағаны хабарланған болатын.