«Ақжайық» қорығының аумағында құстардың жаппай қырылғаны анықталды
Қайғылы жағдай «Шалыга» аралында анықталды

Атырау облысындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында құстардың жаппай қырылуы тіркелді. Бұл туралы ақпаратты Azattyq Rýhy резерваттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
16 шілде күні мониторингтік бақылау барысында №61 кварталдағы Шалыга аралында өлген құстардың денелері табылған.
Мамандар арнайы тексеріс жүргізді
18 шілде күні оқиға орнына Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары барып, резерват қызметкерлерімен бірлесіп тексеру жұмыстарын жүргізді. Құстардың қырылу фактісі ресми түрде тіркелді.
Қырылу себебі анықталу үстінде
Қазіргі уақытта құстардың жаппай қырылу себебі нақты анықталуда. Бұл үшін тиісті зертханалық талдаулар мен сараптамалар жүргізілуде.
Күнделікті бақылау жалғасып жатыр
«Ақжайық» резерватының қызметкерлері ерекше қорғалатын табиғи аумақтың аумағында күн сайынғы мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Мақсат – табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіру және осындай жағдайлардың алдын алу.