Ол 11 жасында алғашқы жарыста жеңіске жетті
Бекзад Нұрдәулетов – елге танымал былғары қолғап шебері. Спортшының айтуынша, әкесі ұлын болашақта чемпион болады деп ойламаған. Боксқа жетелеген басты себеп – отбасын қорғай алатындай батыл әрі мықты болсын деген ниет. Бұл туралы боксшы Lada.kz-ке берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бір әпкем мен бір інім бар. Әкем тек соларды және өзімді қорғай алуым үшін боксқа берген еді», – деп еске алады Бекзад.
Бала күнінде Бекзад көшедегі балалармен ерегесіп қалатын сәттер болғанын тілге тиек етті. Бірақ ата-анасын уайымдатпас үшін, ондай оқиғалар туралы ешқашан айтпаған.
Боксшының алғашқы жарысы Ақтау қаласындағы «Маяк» залында небәрі 11 жаста болғанда өткен. Қарсыласы 46 келі тартса, Бекзадтың салмағы 44,6 келі ғана еді. Соған қарамастан, жеңіс Бекзадтың еншісінде болды – ол Маңғыстау облысының чемпионы атанды.
«Ата-анам қатты қуанды. Осы сәттен бастап боксты шын көңілмен жақсы көріп, бар ынтамен жаттыға бастадым», – дейді ол.
Спорттағы табыс кездейсоқ емес. Бекзадтың айтуынша, ол жаттығуға сабақ басталғанға дейін бір сағат бұрын келіп, ең соңынан шығатын. Мұндай режим, әрине, сабақ үлгеріміне де әсер етті.
«Бастауышта үздік оқушы болдым, белсенді болғаным үшін сынып старостасы да атандым. Бірақ уақыт өте келе жаттығулар күшейіп, сабақ екінші орынға ығыса бастады. Дегенмен жарыстардан кейін мұғалімдерден қосымша тапсырма алып, оқуымды қалпына келтіруге тырыстым. Көп мұғалімдер мені түсіністікпен қабылдап, спорттағы жетістіктеріме қуанып отыратын», – дейді Бекзад.
Бүгінде Бекзад Нұрдәулетов Маңғыстау облысының 14 дүркін чемпионы. Бұл – еңбек пен табандылықтың нақты нәтижесі.