Отандастарымыз төрт қола медаль жеңіп алды
Германияның Рейн-Рур аймағында өтіп жатқан XXXII Жазғы Дүниежүзілік Универсиадада қазақстандық спортшылар үздік нәтиже көрсетуде. 20 шілде күні бірден төрт отандасымыз жарыстың қола жүлдегерлері атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Таэквондодан өнер көрсеткен Тілеулес Темірлан жартылай финалда украиналық спортшыға есе жіберіп, үшінші орын иеленді. Осылайша, ол Қазақстан қоржынына алғашқы қола медаль салды.
Сол күні тағы бір таэквондошы – Нодира Ахмедова Қытай өкілімен өткен кездесуде жеңіліп, қола жүлдеге ие болды.
Гимнаст Айбота Ертайқызы лентамен көрсеткен нөмірінде жоғары шеберлік пен артистизм танытып, үшінші орынды жеңіп алды. Оның өнері қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Таэквондошы Дамир Шуленов те бүгінгі жарыста табандылық пен кәсіби шеберлік танытып, Қазақстанға төртінші қола медальді алып келді.
Осылайша, бүгінгі күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде — 4 қола медаль бар.
Жазғы Универсиада 16 шілдеде басталды және 27 шілдеге дейін жалғасады.
Қазақстан атынан 76 спортшы бақ сынап жатыр. Олар 12 түрлі спорт түрі бойынша ел намысын қорғауда.