Астанада Есіл өзеніне суға түскен ер адам батып кете жаздады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Әскери қызметшілер суға батып бара жатқан адамды құтқарып қалды

Фото: istockphoto.com

Есіл өзенінде қайғылы жағдайдың алды алынды. Құтқару операциясы ТЖМ рейдтік іс-шарасы аясында жүргізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тыйым салынған орында ер адам батып бара жатты

Бүгін Есіл өзенінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген рейд барысында Мартбек Мамраев атындағы №52859 әскери бөлімінің сарбаздары – сержант Владислав Ярилин мен кіші сержант Қасымхан Қошқар – шомылуға тыйым салынған орында суға батып бара жатқан ер адамды байқап қалды.

Жедел әрекет адам өмірін сақтап қалды

Әскери қызметшілердің жылдам әрі үйлесімді әрекетінің арқасында 1992 жылы туған азамат судан аман-есен шығарылып, жағаға жеткізілді. Абырой болғанда, оған медициналық көмек қажет болған жоқ.

ТЖМ: «Тыйым салынған жерде шомылу – өмірге қауіпті»

Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға кезекті рет ескерту жасады:

«Тыйым салынған орындарда шомылу – өз өміріңізді қауіпке тігу деген сөз. Өзіңізге және жақындарыңызға жауапкершілікпен қараңыз».